Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Официальный Интернет-ресурс

Акимат Толебийского района

Билік пен халық арасындағы игі дәстүр биыл да өз жалғасын табуда

Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына сәйкес билік пен халық арасындағы бұл игі дәстүр биыл да өз жалғасын табуда.

Төлеби ауданының әкімі Бұхарбай Рысқұлұлы Парманов 2017 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті елді мекен тұрғындары алдында  23 қаңтар мен 26 қаңтар аралығында жалпы 8 елді мекенде 8 есеп беру кездесулерін өткізді. Бұған жалпы – 1325 елді мекен тұрғындары қатысып, 37 азамат 38 ұсыныс-сауалдар айтты.

Әрбір есебінің барысында аудан әкімі тек есеп беріп қана қоймай, алда атқарылатын жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпіліс беретін бағыттар мен күтілетін нәтижелерге тоқталып өтті. Олардың бірқатарын айтып өтсек:

«2017 жыл Төлеби ауданына табысты жыл болды деп толық айта аламыз. Оған себеп, 2017 жылы жалпы өңірлік өнім 88,4 млрд. теңгеге дейін жетті, 2016 жылы бұл көрсеткіш – 72,4 млрд. теңгені құраған болатын. Аудан бюджетінің жалпы көлемі – 17 519 млн. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 44 пайызға өсті.  Ал, ауданның ішкі кірісі – 1 367 млн. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 3 пайызға өсті.

Өндірілген өнім көлемі – 41 500 млн. теңгені құрап, бюджетке 351,0 млн. теңге салық түсірілді. Ауданда 2017 жылы 591 жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнеспен айналысатын тіркелген субъектілер саны 7 232 құрады. Олардың бірегейі – «Ақкен-Саумал» ЖШС –нің емдік-сауықтыру орталығы Төлеби ауданында іске қосылып, 20 адам жұмыспен қамтылды. Одан басқа,  2 тойхана, 8 дүкен, 2 шаштараз, 1 автожуу бекеті, 2 балабақша, 3 демалыс аймақтары іске қосылған. Нәтижесінде 125 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 2017 жылы 9 жоба мақұлданып, 103 жұмыс орны ашылды. Жалпы, 2017 жылы жалпы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 2 227 кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Өз кәсібін ашуға ниеттенген аудан тұрғындарына «Төлеби НС» ЖШС, «АИО Оңтүстік «ЫРЫС» ЖШС, «KazMicro Finance» ЖШС, «Арнұр кредит» ЖШС, «Азиатский кредитный фонд» ЖШС, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры»  қаржы ұйымдары арқылы – 5 218,0 млн.теңгеге микрокредиттер берілді», - деп аудандағы жетістіктер мен алда тұрған міндеттерді сала-сала бойынша жіктеп таныстырды.

Ауданда халық игілігі үшін жасалып жатқан барлық игі істердің бастамашысы болып жүрген аудан әкімі Бұхарбай Рысқұлұлы есептерін баяндамадан оқымай, бәрін көзбен көріп, біліп жүргендіктен әдетінше слайдтар бойынша ауызекі тілде баяндайды. Бұл тәсіл есепті барынша терең түсінуге себепші болып жиналысқа қатысушылардың қызығушылықтарын тудыруда.

Есеп беру кездесулері өткен ауыл тұрғындары ауылдағы мәселелер ретімен шешімін тауып жатқанын тілге тиек етіп, бүгінде өзекті болып тұрған сауалдарын қойып, ауданның бірінші басшысынан, мекеме басшыларынан және тиісті сала мамандарынан жауаптарын алды. Ауданымыздағы ауыл тұрғындарынан ең көп өтініш айтылған, соңғы жылдарда күн тәртібінен түспейтін мәселе – электр бағаналары жайында десек қателеспейміз. Өйткені, ауданда жалпы – 33 053 бағана және 363 трансформатор бар болса, бүгінде соның ішінде – 20822 бағананың және 228 трансформатордың тозығы жетіп отыр. Бұған себеп, аудандағы бағаналардың барлығы дерлік Кеңес үкіметі дәуірінде орнатылған. Осы күнде әбден тозығы жеткен бағаналардың Қазақстан үшін өте ауырға түскен өткен ғасырдың 90 жылдарындағы қаржының тапшылығынан дер кезінде жаңаланбауы себеп болып отыр. Ауданда  2010-2016 жылдары ауыстырылған бағана саны – 4087 болса, ауыстырылған трансформатор саны – 48.  2017 жылы облыстық бюджет есебінен 242 млн теңге қарастырылып, 7 елді мекеннің (Қасқасу, Ақайдар, Киелітас, Нысанбек, Зертас, Зағамбар, Диханкөл) жаңа массивтеріндегі трансформаторлары ауыстырылды. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і Төлеби аудандық тарату бөлімінің инвест жоспарына сәйкес ауданда 2017-2019 жылдары 1872  бағана мен 30 трансформатор ауыстыру көзделіп, жұмыстар ретімен атқарылуда.

Есеп беру кездесулерінің барысындағы ауыл тұрғындарының көпшілігінің көтерген тағы бір өзекті мәселе – ауылдардағы ағын су тапшылығы болды. Аудан әкімі бұл мәселені шешу үшін бірқатар жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, 2017 жылы 5 каналға (Айналма, Таш, Қызыл ұзын, Таш оңжақты, Р-3 А) облыстық бюджеттен 24,5 млн теңге қаржы бөлініп, ЖСҚ дайындалғанын,  2018 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, «Ащы» су қоймасын күделі жөндеуге 112,0 млн теңге бөлініп, 65 млн. теңгесі игеріліп 2018 жылға өтпелі болғанын, 2017 жылы «Төлеби су шаруашылығы» МКК аудандық бюджет есебінен114 шақырым каналды механикалық тазалаудан өткізілгенін, бұл мақсатта 79,4 млн теңге игерілгенін хабарлады.

Ауылдарда өткен кездесу есептерінде қойылған сауалдардың бірнешесіне тоқталсақ:

Қаратөбе ауылында өткен жиында ауыл тұрғыны Сабаев Аблесхан  –  ауылда байланыс нашар, интернет мүлдем жоқ екенін айтты. Бұл сұраққа аудан әкімі интернет жекеменшік компаниялар «Қазақтелеком», «Актив», «Кселл», «Теле-2» арқылы орнатылатынын, олардың өз талаптары барын түсіндірді. Әрбір ұялы байланыс желісі компанияларының талаптарын зерделеп, тиімді жолдары іздестіріліп жатқанын айтты. Дәл осы мәселе бойынша сауалдар Қасқасу, Тасарық, Қоғалы, ауылдық округтерінде де көтерілді.

Тасарық ауылында өткен жиында ауыл тұрғыны Қуанышев Шымырбай – Оңтүстік елдімекенінде жаңадан жүргізілген ауыз судың сапасы нашар екендігін атап өтті. Бұған Бұхарбай Рысқұлұлы – Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс, Балдыберек, Қаратөбе, Қостөбе, Майбұлақ елдімекендері, Тасарық ауылдық округіне қарасты Жамбыл, Оңтүстік, Тасарық елді мекендері, Көксәйек ауылдық округінің Қазақстан елді мекендері 2014 жылдан бері топтастырылған ауыз су жүйесін Балдыберек өзенінің «Ащы» су көзінен пайдаланып келе жатқанын білетінін және Қаратөбе ауылдық округі аумағында орналасқан «Көшербұлақ», «Толыбек» бұлақтарынан, Төңкеріс елді мекенінің жоғарғы бөлігінде орналасқан су жинау резервуарына дейін, жер үстімен 3,7 шақырым арақашықтықта темір құбыр ауыз су жүйесін тарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын түсіндірді.

Жалпы алғанда, Қаратөбе ауылдық округінен басталып, артынша Тасарық, Қоғалы, Қасқасу, Аққұм, Алатау, Жоғарғы Ақсу, Зертас ауылдық округтерінде жалғасын тапқан 23-26 қаңтар аралығындағы аудан әкімінің есеп беру кездесулеріне ауыл-аймақ тұрғындары белсене қатысып, жүргізіліп отырған жұмыстарға оң баға берді. Келер аптада, Киелітас, Бірінші Мамыр, Кемеқалған ауылдық округінің және Леңгір қаласының тұрғындарымен есеп беру кездесулерін өткізу жоспарланған.

 

Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Толебийского района