Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Официальный Интернет-ресурс

Акимат Толебийского района

«Ақбота-Ару» бөбекжайы «ЮНЕСКО» клубына мүше болды

«Баланы өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» дейді қазақ даналығы. Қазіргі заманда бала тәрбиесіне ерекше мән беру қажет. Себебі, баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз.

Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген бала ержеткенде сол әдетін сақтайды.  Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер-білімге баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық. Бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны сөзсіз. Біз қанша дамып басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те, бала тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Бүлдіршіндердің сезімдері  өте нәзік, әсершіл келеді. Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі – шындық, сұлу, әсем, жарасымды болуы керек. Бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Ұлттық тәрбиенің негізі отбасында қаланып, балабақшада әрі қарай жалғасын табады.

Осындай қасиеттерді бүлдіршіндердің бойына сіңіре білетін ауданымыздағы балабақшалардың бірі Зертас ауылдық округінде орналасқан - «Ақбота-Ару» бөбекжайы. Бұл бөбекжай Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы республикалық есеп беру және сайлау конференциясында  «Юнеско» клубына мүше болды. 100 орынға арналған «Ақбота-Ару» бөбекжайы  2015 жылы 14 желтоқсанда ашылған. Мұнда 1,5-6 жас аралығындағы балалар 4-топта тәлім алды. Балабақша директоры Момбекова Махаббат Досмаханқызы.

Конференцияда  Оңтүстік Қазақстан облысында 8-мекеме және 1- балабақша Презентациялық тәжірибе алмасып, сараптамадан өтіп,  ұйымға мүше болды. «Ақбота-Ару» бөбекжайы» ауданымызда ЮНЕСКО клубына мүше болып жатқан мектепке дейінгі білім беретін мекемелер арасындағы алғашқысы.  

Жиналыста  бөбекжайдың  1,5 жыл көлемінде атқарған жұмыстары слайд арқылы көрсетілді.  Презентацияны тапсыру барысында, мектепке дейінгі жас ерекшелік арасындағы балаларды еңбек етуге жүйелі қатыстыру және ынталандыру; өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, тазалық пен тәртіп әдетін қалыптастыру; мемлекеттік және қоғамдық мерекелерге, ойын сауықтарға ортақтастық сезімін, эмоционалдық ықыластылық, ұлтжандылық және азаматтық сезімдерді дамыту; ең үлкен жетістікке жету жолының бірі қоғам қажет тұтатын бірінші сынып оқушысы моделін даярлау; заманауи көркем шығармаларды енгізу есебінен балалар оқуының шеңберін кеңейту; көркем тілдік және театрландырылған ойын әрекеттері арқылы балалардың дербестігін қалыптастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту; әдеби сюжеттер бойынша драмалық ойындарын сахналаудағы рөлдерді орындау тәсілдеріне үйрету туралы айтылды. 

Осы айтылған жұмыстары мен мақсаттарын таныстыру кезінде жақсы нәтиже көрсеткен «Ақбота-Ару» бөбекжайына ЮНЕСКО Клубының Төлқұжатын, Туын, Сертификат мәртебесін, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының Президенті Ақшолақов Болат Оралұлы құттықтап, марапаттады.

Бұл ұйым бойынша біздің балаларымыз әлемдік деңгейге танылып, жер-жерде ұйымдастырған конкурстарға, мерекелік іс-шараларға, жасөспірімдер байқауына қатысып жан-жақты дамуына атсалысады деген үміттеміз.

Айта кетейік, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясы (KazFUCA) 2009 жылдың сәуір айында құрылған. Бүгінде Федерация құрамына жалпы мүшелер саны 3500 болатын Қазақстанның 14 аймағы мен Алматы, Астана қалаларында 50 ЮНЕСКО Клубы қызмет атқарады.  

 

Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Толебийского района